15.09.2025
Қазақстан Республикасы Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерінің күнімен — кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Биыл бұл күн елімізде алғаш рет 15 қыркүйекте ресми түрде атап өтілуде.
Бұл — тек кәсіби мереке ғана емес, тарихи оқиға. Бұл — халық денсаулығын сақтау жолында өлшеусіз еңбек етіп келе жатқан санитариялық-эпидемиологиялық сала мамандарының үлесін мойындау, олардың қоғам алдындағы жауапты миссиясын бағалау.
Құрметті әріптестер!
Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлер, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің, аумақтық департаменттер мен басқармалардың қызметкерлері, Обаға қарсы күрес станцияларының мамандары мен басшылары, М. Айқымбаев атындағы Ұлттық ғылыми орталық пен Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының қызметкерлері, денсаулық сақтау ұйымдарының госпитальдық эпидемиологтары, салалық кәсіпорындардағы мамандар — баршаңызды құттықтаймын!
Сіздер жылдар бойы алдыңғы шепте жүріп, халық денсаулығын қорғай отырып, еліміздің әрбір елді мекенінде санитариялық-эпидемиологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етіп келесіздер.
Бұл сала — кең ауқымды, терең білім мен жоғары жауапкершілікті, үздіксіз даму мен мамандыққа адалдықты талап ететін бағыт.
Ардагерлерге айрықша алғысымды білдіремін!
Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында қазіргі санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің іргетасы қаланып, болашаққа нық бағыт алынды.
Өз ісіне берілген, тәжірибесі мол мамандардың үлгісі бүгінгі ұрпақ үшін бағасы биік мұра болып қала береді. Жас мамандарға — үлкен үміт артамыз.
Сіздерге аға буынның жарқын жолын лайықты жалғастырып, бүгінгі жаһандық сын-қатерлерге төтеп беретін батыл да бастамашыл болуды тілеймін.
Еліміздің санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін нығайту жолында, қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуда Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз, жігерлеріңіз және өздеріңізге деген жоғары талаптарыңыз алда да шешуші рөл атқаратынына сенімдімін.
Сіздерге мықты денсаулық, баянды бақыт, қоғамда құрмет пен жаңа кәсіби жетістіктер тілеймін!
Ізгі тілекпен, Ерлан Қиясов