Өткен жылғы осы уақытпен салыстырғанда, биыл жәндіктердің таралуы бойынша елді мекендер саны тоғыз ауылға артты.
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Қызылорда облысы бойынша Ұлттық сараптама орталығы филиалының директоры Фарида Қалиева Конго – Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында энтомологиялық тексерулер наурыз айынан басталғанын айтты.
«Энтомологиялық тексеру барысында облыс аумағындағы табиғи ошақтарда кенелердің 3 498 данасы жиналды, одан әрі зертханалық зерттеу үшін 372 сынама алынды. Иммуноферменттік талдау нәтижелері бойынша 4 сынама оң нәтиже көрсетіп, жұқтыру индексі 1,1% құрады», - деп атап өтті Фарида Қалиева.
Оң сынамалар Жалағаш (1 сынама), Шиелі аудандарының (2 сынама) және Қызылорда қаласының (1 сынама) аумағында анықталды.
Филиал директорының айтуынша, бұл аумақтардағы кенелерге қарсы дезинсекциялық жұмыстар сәуір айының басында басталады. Бүгінгі таңда зертхана сынақ жүйелерімен және зерттеуге қажетті материалдармен толық қамтамасыз етілген.
Естеріңізге сала кетсек, бұл дерт – кенелердің шағуы арқылы таралатын және Қырым-Конго геморрагиялық қызба вирусынан туындаған жедел вирустық табиғи-ошақты жұқпалы ауру. Ауру қызбасымен, интоксикациямен және теріде, ішкі органдарда қан кетумен сипатталады.